СЕРІКТЕСТЕРГЕ
Құрметті USTAZ HUB-тың болашақ серіктестері,
Біз әр мұғалімнің бала мен білім арасындағы делдал ғана емес, шығармашыл, жасампаз және еркін тұлға екеніне сенеміз.

Қоғам болып мұғалімдерді дамудың қозғалтқыш күші және ғылыми ойды таратушы ретінде қабылдайтын кез келді.

Бізді мектептерді сөз жүзінде емес, іс жүзінде жаңашыл және заманауи етсек деген ниет біріктіреді.
Сондықтан біз заманауи мектептің дамуына үлес қосқысы келетін мұғалімдер үшін USTAZ HUB ашық алаңын құрдық. USTAZ HUB мұғалімдерге өзара тәжірибе алмасуға, оқытудың жаңа әдістері мен технологияларын зерделеп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
Астанада 400-ге жуық мұғалім қатысқан екі іс-шарадан кейін USTAZ HUB командасына Қазақстанның түрлі қаласындағы мұғалімдер мен оқу орындары басшыларынан осындай уоркшоптар өткізу бойынша өтініштер көптеп түсе бастады.
Бір іс-шараны ұйымдастыру шамамен бір айға созылады және адами және қаржылық тұрғыда көп ресурсты қажет етеді. Шараның ең маңызды және негізгі бөлігі – спикерлеріміздің шеберлік сабақтары.
Біз спикерлердің презентациясын іріктеп, олардың уақыт талабына сай болуын қадағалаймыз. Сонымен қатар практикалық тұрғыда пайдалы және барлық сала мен мамандық үшін инклюзивті болуын ескереміз.
Бұдан бөлек біз белгілі бір салаға ғана арналған шеберлік сабақтарын өткізуді де жоспарлап отырмыз. Мысалы, мұғалімдерге қаржылық сауат немесе STEAM білім бойынша USTAZ HUB өткізу ойда бар.
Біздің іс-шараға қолдау көрсетіп, серіктес болғыңыз келсе (бас серіктес, жергілікті серіктес немесе медиа серіктес), жобаның авторы және үйлестірушісі — Әсем Беріке @assemaberik Telegram арқылы хабарласыңыз.